15 СӘУІР ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ ҒАШЫҚТАР КҮНІН ТОЙЛАУҒА БОЛА МА? Әссәләмуғалейкум, Абдусамат аға! Қояр сауалым мынадай: Қазіргі таңда сәуірдің 15-күні Қозы көрпеш Баян сұлу ғашықтар күні дейтін бейресми мереке бар. Бұл күнді тойлау қаншалықты дұрыс. Осыған қатысты айтып кетсеңіз. Рахмет. Нұрбол Оспанов ---------------------------------------------------- Уағалейкум әссәләм, Нұрбол! Ғашықтық, махаббат, біреуді сүйіп қалу - ол, көңіл мәселесі, адам табиғатында бар құбылыс. Тіпті, Құран Кәрімде: «وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً – Алла сендердің араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік салып қойды»1, - дей келе ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббат пен мейірімділікті анық білдірген. Және мейрімсіз махаббаттың болмайтындығын да аталмыш аяттан түсінуге болады. (Аяттың арапша мәтініндегі «Жәъалә» етістігі – жарату, орнықтыру, салып қою деген мағыналарда қолданылады). Ендігі жерде, «ғашықтар күні» дейтін нәрсе шариғатта жоқ. Және оны халық арасында насихаттап, айрықша күн ретінде атап өтудің де зәрулігі шамалы. Неге десеңіз, біріншіден, ғашықтықты насихаттауға адамдар мұқтаж емес. Екіншіден, «Қозы көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырында екі жастың арасындағы махаббаттың немен аяқталғаны бәріне белгілі. Сондықтан да, ондай нәрселерді көптеп насихаттау – жастар арасында махаббат жолында құрбан болушылықты, дәлірек айтқанда «суицидті» арттыра ма деген қауіп бар. Үшіншіден, ғашықтар күнін желеулетіп көптеген жастар түрлі ауыр күнәларға баратыны да жасырын емес. Және бұл соңғы жылдары еліміздегі жастар арасында атап өтілуі әдетке айналып бара жатқан "Валентин" күніне еліктеушілік болып табылады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 1 Рум сүресі, 21-аят. Абдусамат Қасым

Теги других блогов: продвижение SEO Google